Шымкент қаласының тұрғыны Сұлушаш Ташкенбаева 72 жасында студент атанып, жаңа мамандықты меңгерді. Зейнет жасындағы әжей жаңа мамандықты Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нен игеріп шықты. Ол 1979 жылы Қазақ қыздар педагогикалық университетін бітіріп, зейнетке дейін мұғалім болған. Төрт перзенттен 14 немере, 2 шөбере сүйіп отырған әже.
Сұлушаш апаның өміріне жаңа бетбұрыс әкелген жергілікті университеттің жанындағы «Күміс университет» жобасы зейнеткерлерді оқытуға арналған. Жоба аясында бірнеше курс ашылып, оқу бітіргендерге арнайы сертификат беріледі. Сұлушаш апаны осылардың ішінде «Ерте жастан балаларды дамыту» курсы қызықтырыпты. Өйткені, немерелерінің тілінің ерте шығуын, ұлттық педагогика негізіндегі тәрбиеге қанық болып өсуін ойлаған әже жаңа мамандықты ұрпағының жан саулығы үшін игергенін айтады. Ал, бұл курс 1 жастан бастап баланың моторлы, интеллектуалды және сезімтал сфераларының, оның сөйлеуі мен негізгі психикалық процестерін қарқынды дамытуды үйретеді. Оқытушы Жұпаркүл Бекназарқызы ерте жастағы балалардың танымдық белсенділігін дамытудағы қазақ шығармашылығының құралдарын пайдаланып, теориясы мен әдістерін оқытуда.
2021 жылдан бастап жүзеге аса бастаған «Күміс университет» жобасы жоғары буынға түрлі бағыт бойынша білім мен дағдыны меңгеруге мүмкіндік береді. Ғылым мен технология қарыштап дамыған кезеңде егде жастағы адамдардың білім деңгейін соған сай жетілдіруді көздейді. Қазақстанда аталмыш бағдарлама білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үздіксіз білім беру және жұмыс тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда аталмыш жоба Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да 13 түрлі мамандық бағыты бойынша жүргізілуде. Бір тыңдаушы бірнеше курстарға қатар жазыла алады. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін тыңдаушыға тиісті бағыт бойынша оқығаны туралы сертификат беріледі.
—Зейнеткерлік жастағы азаматтардың қазіргі өмірге сәтті бейімделуі үшін, өздігінен білім алу және өзін-өзі жетілдіру үшін жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған «Күміс университет» жобасы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде сәтті жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты —-қариялардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қарым-қатынас ортасын қалыптастыру және дамыту. Осы ретте оқу орнымызда «Балаларды ерте жастан дамыту» білім беру бағдарламасы бойынша дәріс жүргізілген болатын, — дейді университеттің үздіксіз білім беру орталығының басшысы Рауан Нармаханқызы.
Өткен айда 10 білім алушы зейнеткер оқуды сәтті аяқтады. Тыңдаушыларға тиісті бағыт бойынша оқығаны туралы сертификат табысталды.