Вторник, 13 мая, 2025
29 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

НЕГІЗГІ САУАЛ СПОРТ САЛАСЫНА БАҒЫТТАЛДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұрғындарды қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қатысты. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін салалар бойынша басқарма басшылары мен жауапты мамандары өздеріне қатысты сауалдарға жауап беріп отырды.

Қабылдауға келген тұрғындар Ертай Кенжебекұлына спорт, мәдениет және ономастика салалары бойынша жүгініп, сауалдарына нақты жауабын алды.

Кентаулық Құрманбай Жолдыбаев пен Дәурен Мубәров жеке басының емес, елдік жәйтті көтере келіпті. 100 мыңнан аса тұрғыны бар кенді қалада сонау жетпісінші жылдары салынған бар-жоғы жалғыз спорт кешені бар, қала тұрғындары онда түзілген кесте бойынша жас мөлшеріне қарай кезек-кезегімен жаттығуға барады. Демек, қаладағы балалар да, егде жастағы азаматтар да жалғыз спорт кешеніне баруға мәжбүр. Құрылыс құны 2.2 млрд.теңге болатын жаңа спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Алайда, нысанды салуға қаржы қаралмай отыр. Өтініш иелері облыс әкімінің орынбасарынан осы мәселені жылдамдатып шешіп беруін сұрады. Мәселені мұқият тыңдаған Ертай Алтаев өзі де Кентау қаласының тумасы ретінде жағдайдан толық хабардар екенін атап өтті. Дегенмен, жоба құны қомақты болғандықтан «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджетке ұсыныс жолдағанын, барынша қолдау білдіретінін жеткізді. Әзірге биыл қолданыстағы спорт кешенін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген.

Түркістандық Құрбанәлі Сұлтанов ақсақал талай есіктің табалдырығын тоздырып, көптен бері шешімін таппай жүрген мәселені жеткізді. Белгілі жазушы, Қазақстан Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығы мен халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Түркістанның тумасы Насыр Фазыловтың есімін туған жерінде ұмытылмайтындай ел жадында қалдыру үшін мекепке атын беру туралы ұсынысын білдірді. «Ұсыныс қазір пайда болған жоқ, жазушы 2018 жылы өмірден өткелі бері осы мәселе көкейде келеді. Адам есімдерін беру талабы бойынша тұлғаның өмірден өткеніне 5 жылдан асқанды күттік. Міне одан да асып барады. Бірлік тұрғын алабындағы атауы бірдей 2 мектеп бар. Соның біріне, яғни жекеменшік мектепке Насыр Фазыловтың есімін беру бойынша бірнеше жерге хат жолдадық. Бірақ әлі шешімін таппай келеді»,-дейді қария. Ертай Кенжебекұлы аталған мәселе бойынаша есім берудің қазіргі талаптарын түсіндіріп, белгілі жазушыны алдымен «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу қажеттігін, одан кейін ғана қалалық, облыстық және республикалық комиссияда қаралып, нақты шешімі шығатынын жеткізді. 3 жыл сайын қаралатын «Тарихи тұлғалар» тізімі өткен жылы ғана жаңартылған. Облыс әкімінің орынбасары енді 2027 жылғы тізімге енгізу жұмыстарын бақылауға алатын болды.

Келес ауданының Қонаев ауылында осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік -жекешелік әріптестік аясында ашылған спорт кешенінің иесі Рахманберді Нұржанов келісім шарт уақытын создыруды өтінді. 5 жылдан бері 6 кандидат спорт шеберін шығарып, бірнеше мықты спортшыларды дайындаған мектеп жабылып қалудың алдында тұр. Себебі мемлекеттен қолдау келісім шартының уақыты біткен. Облыс әкімінің орынбасары өтініш иесіне мемлекет кәсіпкердің аяққа тұрып, еңсесін тіктеуі үшін мемлекеттік -жекешелік әріптестік аясындағы көмекті 5 жылға ғана беретінін, одан әрі кәсіпкер өз әрекетін жасауы қажеттігін түсіндірді. Дегенмен, бүгінгі таңда «Даму бала» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қолдау алуға болатынын айтып, жұмысты одан ары жалғастыруға үміт берді. Осы мазмұндас сауалмен келген кентаулық Нұрлан Байкенжеевке де субидия алудың талаптары түсінідірілді.

8 баланың анасы созақтық Гүлзира Тілеубергенова үйінің апатты жағдайда екенін, қыстыкүні онда тұруға болмағандықтан туысының үйіне паналап отырғанын айтып, көмек сұрады. Ертай Кенжебекұлы аудан әкімдігіне үйін апатты деп тану үшін экспертиза тағайындау ақысын демеушілер тарапынан ұйымдастырып беруді, осал топқа қосып, жәрдем беруді, жолдасын жұмыссыздық тізімге енгізу бойынша тапсырма, ұсыныс жолдайтынын жеткізді. Баспанасы апатты деп танылған соң үй кезегіне тұруға мүмкіндік ашылмақ. Бұл мәселені Ертай Алтаевтың ерекше бақылауына алатын болды.

Қабылдау соңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қоғамдық қабылдау бөлмесінің жауапты мамандарына осында көтерілген барлық мәселелерді бақылауға алып, назарда ұстауды тапсырды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар