Халқымыз жерді ықылымнан бері ырыстың кіндігіне балаған. Несібесін жерден айырған ағайын үшін алақандай жердің өзі құт көзі. Бабын тапсаң байлық жерде деп байыптайтын оңтүстік жұртшылығы үшін жерден асқан құндылық жоқ.
Республика халқының он пайызы шоғырланған Түркістан облысында жер мәселесі өте өзекті ресурс екені белгілі. Ресми статистика облыс халқының 76 пайызға жуығы ауыл тұрғындары екенін көрсетеді. Облыстың жалпы жер көлемі 11,6 млн. гектарды құраса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің үлесі 4,3 млн. гектар болып отыр. Егістік алып жатқан аймақтың көлемі 966,0 мың гектар болып белгіленсе, жайылымдардың үлесі – 3,1 мың гектар. Облыстағы 841 елді мекен тұрғындарының басым бөлігінің тұрмысы аграрлық сала және мал шаруашылығымен тікелей байланысты.Ауыл адамының күнделікті тұрмысындағы жердің маңызын ескерген «АMANAT» партиясы, заңсыз жекешеленіп кеткен немесе ортақ игілікке жұмсалмай пайдаланусыз тұрған жерлерді мемлекет қорына қайтаруда қайратты жұмысын жалғастырып келеді. Түпкі мақсат – ауыл тұрғындарының мүддесін қорғап, жердегі үлесін түгендеу, алтын бесік ауылдарымыздың тұрмысын түзеп, адал еңбегі бар, жерге маңдай тері сіңген шаруаларға қолайлы жағдай жасау.
—Қайратты жерге бақ тұрады дейді халық даналығы. Жеріміздің қайратты, өлкеміздің өрісті болуында «Жер аманаты» жобасымен Түркістан облысында соңғы үш жылда 1 млн. 438 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылып, бекітілген жоспарлар артығымен орындалды. Жоба алғаш қолданысқа енгізілген 2022 жылы Түркістан облысы бойынша 1 млн. 34 мың гектар жер қайтарылса, 2023 жылы – мемлекет қорына қайтарылған жердің үлесі – 333,5 мың гектарға жетті. Ал, 2024 жылы мемлекет меншігіне қайтқан жердің көлемі 70,9 мың гектар болып, жылдық жоспар 41 пайызға артығымен орындалды. 2025 жылы «Жер аманаты» жобасымен 40,8 мың гектар жер қайтарылады деп межеленсе, бірінші тоқсанда оның 10,4 мың гектары қайтарылды».—дейді «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.
«АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен жер мәселесі өте өткір көтеріліп жатқан Қазығұрт ауданында 2024 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Базарбек, Жанарбек Әшімжан, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов сынды «Жер аманаты» республикалық комиссиясының өкілдерінің облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және тұрғындармен кездесуі өткізіліп, заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері бойынша құқықтық кеңестер беріліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
Осы кездесудің нәтижесінде, облыстық «Жер аманаты» комиссиясы мен облыстық партия филиалының ықпалымен соңғы 15 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты – 15,6 мың гектар, Қарабау ауылдық округіне тиесілі – 4,4 мың гектар, барлығы 20 мың гектар жер ауыл тұрғындарының ортақ игілігіне қайтарылды.
«Жер аманаты» жобасының ізгі нәтижесін іс жүзінде көрген тұрғындар «АMANAT» партиясының мәністі тірлігіне, жүйелі жұмысына ризашылықтарын білдіріп отыр. Партияның Түркістан облыстық филиалы қоғам игілігіне қызмет ететін бұл жобаны әрі қарай да нәтижелі іске асыратын болады.