«AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалында Түркістан облыстық мәслихатының осы аумақтан сайланған депутаттары, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев пен Нұржан Әшіров аудан тұрғындарын қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Қоғамдық қабылдауға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, тұрғындар көтерген сауалдарды шешуде жергілікті әкімдіктің атқарып жатқан жұмыстары туралы кең ауқымды мағлұмат берді.
Партия көмегіне, депутат ықпалына жүгінген Жеңіс ауылының тұрғыны Рысмахан Ахметов ауылда 70-тен аса үй бар екенін білдіріп, мектеп салып беру мәселесі бойынша ауылдағы 350 тұрғынның атынан өтінішін айтты. Мәселені зерделеу барысында, ауылдағы 100 орындық негізгі орта мектепте екі ауысымда 116 оқу білім алуға мәжбүр болып отырғаны анықталды. Тозығы жеткен білім ұясының негізгі ғимараты -1987 жылы асар әдісімен салынған екен. Облыс бойынша түзілген дерекқорда, мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан деп көрсетілген. Ғимараттың техникалық жағдайына бағалау жүргізіліп, 150 орындық жаңа мектеп салудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен биыл 7 млн. теңге қаралған. Алтынсары Дүйсенбекұлы құжаттама топтамасы дайын болып, ол мемлекетік сараптамадан өткен сәттен бастап, жаңа мектеп құрылысына қаржы бөлу мәселесін бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Көкібел ауылынан келген Кененбай Налибаев ауылда спорт кешенін салуды қозғаса, Қаржандық азамат елді мекенде ауылдық аурухана салу жайын көтерді. «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, 2024 жылы ауылдық аймақтарда 23 фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылғаны түсіндірілді. Ауылдық жерлерде ең бірінші кезектегі нысандарды салып болғаннан кейін, басқа да ауқымы кең жұмыстарды атқаруға мүмкіндік болатыны айтылды.
Жіңішке елді мекенінен келген тұрғын электр қуатының сапасы мәселесін көтерсе, Амангелді, Қызылдала, Еңбекші, Атажұрт ауылдарының газ мәселесі де қабылдауға келген тұрғындардың негізгі өтініші болды. Аталған жобалар бойынша қажетті жобалау-сметалық құжаттар әзірленгені, енді оларды қаржыландыру, мердігер ұйымдарды анықтау жұмыстары атқарылып жатқаны жөнінде толық мағлұмат берілді.
Тұрғындармен етене байланыста жұмыс жүргізу – депутат қызметінің маңызды бағыты екенін атап өткен облыстық мәслихаттың депутаты Алтынсары Үмбетәлиев азаматтардың өтініштерін тыңдауға, олардың заң шеңберінде шешімдер табуына ықпал етуде қоғамдық қабылдау кездесулерін алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіп тұратын айтып өтті.