Понедельник, 12 мая, 2025
28.4 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

АМАЛ КҮНІНДЕГІ ІЗГІ ТІЛЕКТЕР АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛДЫ

Жалпыұлттық бірліктің тағлымды дәстүріне айналған Наурыз мейрамы елімізде Наурызнама салтымен қайта жаңғырып, бүкілхалықтық сипатқа ие болған мерекеге айналды. Мемлекет басшысының ұсынысымен Қазақстан халқы Наурыз мерекесін 10 күн бойы, он түрлі атаумен атап өтіп, ұлтымызға тән жанашырлық, тілеулестік, қонақжайлық, мейірім мен бауырмалдық, қамқорлық, тазалық сынды асқақ адамгершіліктің асыл қасиеттерін дәріптеуді қолға алды. Адал қоғам қалыптастырудың, адал азамат тәрбиелеудің жолын түзді.

Көктемнің жылы лебін сездіріп, күн шуағын ала келген Наурызнама дәстүрінің алғашқы мерекелік сәті – Амал күнін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ардагерлермен көрісіп, оларға құрмет көрсетуден бастады. Партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, партияның Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев, партия филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының жауапты өкілі өңіріміздің өркендеуіне еңбегі сіңген, бүгінде Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне сай рухани және тарихи орталық ретінде қалыптасуына ағалық ақылын қосып, өнегелі тағлымын беріп отырған бір топ ақсақалдың шаңырақтарына арнайы барып, ізгі тілектерін білдірді.

Ғасырлардан тамыр тартып, халықтық ғұрпымызбен сіңісті боп кеткен Амал мерекесі биыл қасиетті Рамазан айымен қатарласа кіріп келді. Ұлтымыз айрықша қастер тұтатын дін мен дәстүрдің үйлесім тапқан ғажап сәтінде партия өкілдері Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, елімізге еңбегі сіңген дәрігер, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Исмолдаев, Түркістан қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Әбдіхан Әбдіқадыров сынды қайраткерлік қасиетімен танылған азаматтарға сый-құрмет көрсетіп, бата-алғыстарын алды.

Халықтық дәстүрдің ізін жалғап, «Амал келді, жыл келді» деп сүйіншілеп келген меймандарды шаңырақ иелері құшақ жая қарсы алды. Партия өкілдері аға буын өкілдерімен дидарласып, емен-жарқын сұхбат құрды. Ақсақалдар ұлт тарихында ерекше орны бар аймақта, хандар мен билердің мәңгілік мекені болған қасиетті жерде халқымыздың төлтума дәстүрлерінің жаңғыруын жақсылықтың нышаны деп бағалады. Қазақ халқы үшін қабырғалы шаһар, түркі өркениетін біріктіретін тағлымды орталық болып табылатын Түркістан қаласы халықтық әдет-ғұрыптың, мәдени таным мен тарихи тағлымның берекелі ордасы болуы керек екені айтылды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ақсақалдар алқасымен, ардагерлер кеңесімен, белсенді қоғамдық ұстанымы бар аға толқын өкілдерімен тығыз ықпалдастық байланыста жұмыстар жүргізіп, қоғамға пайдалы істерді бірлесе атқарудың жолдарын айқындады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар