Вторник, 13 мая, 2025
19.1 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жыл сайын ару көктемнің шуақты мерекесіне орай, облыс көлемінде ғасыр куәгерлері болған ардақты әжелерімізге құрмет көрсетіп, олардың ақжарма бата-тілектерін алады. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық!», «Ұлттық мұра» жобаларының шеңберінде партияның өңірлік филиалының Әйелдер қанаты аудан, қалалар бойынша 100 жасқа жеткен және одан асқан аналар туралы деректерді жинақтап, партиялық құрылымдар арқылы оларға мерекелік тартулар ұсынылатын болады.

Ақ жаулықты аналарымыздың мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшсі Алтынсары Үмбетәлиев өзі сайлауға түскен Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен келіп, ғасыр куәгерлері болған асыл әжелеріміздің шаңырақтарына арнайы барды. Тамыры тереңге бойлап, бәйтеректей жайқалған әулеттердің нұры, олардың байлығы мен берекесі, шаңырақтарының шежіресі болып отырған ғазиз жандарға айрықша ілтипат көрсетіп, өңіріміздегі 84 мыңнан астам партияластарымыздың атынан терең сыйластықтың белгісі ретінде мерекелік тарту жасап, ізет көрсетті.

Қарабау ауылдық округіне табан тіреген партия өкілдері, осы аймақтағы Жұмысшы елді мекенінің тұрғыны 10 баланы өсіріп, кеудесіне «Алтын алқа» тағынған Такира Курбанованың үйіне барып, ұрпағына ұлағатты тәрбие көзі болып отырған ананы мерекесімен құттықтады. Такира апамыз 1925 жылы дүниеге келіп, биылғы қаңтарда 100 жасын толтырды. Асыл әжеден тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елге айналған. Шөбере-шөпшектерін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп отырған әжеміз әулеттің ғана емес, тұтас аймақтың өнеге байлығына айналған.

Осы ауылдық округтің Үшбұлақ елді мекенінде Тыныштық Толбаева апамыз да биыл 100 жастың белесіне қадам басыпты. Амангелді бөлімшесінде шопан көмекшісі болып жұмыс істеп, бүгінде ғасырлық ғұмыр жолын басып өткен әжеміздің де кейінгі толқын жастарға айтар өсиеті көп. Елдің тыныштығы ең асыл қасиет деп бағалайтын әжеміз, перзенттерін адал еңбек етуге, білімді болуға, әр нәрсені ақылға салып, байыбына барып тұрып, нақты шешімдер қабылдауға шақырып тәбиелеген. Бұл отбасының мүшелері де үлкеннің өнегелі әңгімелерін тыңдап жетілген, дәстүрдің тағлымды жолын ұстанып, ұлт руханиятынан қол үзбей өніп-өскен. 6 ұл-қыздан бүгінде 20 шақты шөпшектің қолынан май жалаған абзал ана.

Ал, Қазығұрт ауылының байырғы тұрғыны Фатима Тулегенова әжеміз тура 8 наурыз күні – 105-ші көктемін қарсы алғалы отыр. Әулеттің ұл-қыздары, немере-шөберелері, шөпшектері айтулы күнге дайындықты қазірден бастап жүргізіп, қасиетті Рамазан айындағы ауызашар рәсімін өткізуге ниеттеніп отыр. Құтты шаңырақ иелерінің көрсетіп отырған ізет-ілтипаты, мейірімі мен адалдығы, үлкенге деген құрметі, қонақтарға көрсеткен жылы шырайлы қатынасы – көргені мен өмірден түйгені көп кейуананың берген тағлымды тәрбиесі деп топшыладық.

Осы жұмыс сапары аясында Алтынсары Дүйсенбекұлы өңіріміздегі ең көнекөз қария, абзал әже болып отырған 108 жасын толтырған жаңаталаптық Гүлзи Келесбаева әжеміздің де шаңырағына барып, ғазиз ананың ақ батасын алды. 1917 жылы дүниеге келген әжеміз бірнеше аумалы-төкпелі кезеңдердің куәгері болған асыл жан. Санамалап көрсек, Гүлзи әжеміздің көз алдында небір тарихи дәуірлер өткен екен. Ұжымдастыру кезеңі, нәубет жылдары, Ұлы Отан соғысының қиын күндері, тыл майданындағы табанды еңбек, соғыстан кейінгі жылдардағы аяқтан тұру кезеңі, тоқырау жылдары, қайта құру кезеңі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық. Міне, осының бәрі Гүлзи Келесбаеваның көз алдынан өтіп жатты…

Бүгін партиямыздың қадір-құрметіне бөленген аналарымыздың барлығы еңбекпен ысылған алдыңғы буынның жарқын өкілдері саналады. Оларды барға – қанағат, жоққа – салауат айтып, баянды болашағымыз үшін маңдай терін, табанды еңбегін адалынан сіңірген толқын деп білеміз. Бүгінгі жетістіктеріміздің бастауында аға ұрпақтың білекті қайраты, аналарымыздың жүректі шарапаты жатқанын ұғынып, олардың еңбегі алдында басымызды иіп тағзым етеміз, бүгінгі және алдағы толқын ұрпақтардың атынан ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар