Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың аудан, қала тұрғындарымен кездесу жиындары жалғасуда. Аталған кездесулерге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, сол аймақтардан Түркістан облыстық мәслихатына сайланған партиялық фракция депутаттары қатысып, жергілікті әкімдіктің атқарып жатқан жұмыстарының есебін тыңдап, күн тәртібіндегі өткір мәселелерін зерделеуді, жергілікті жұртшылықтың сұраныстарын байыптап, бақылауға алынуы тиіс мәселелерді тізбектеп келеді. Облыс әкімінің осы мазмұндағы кездесу жиыны бүгін Төлеби ауданында өтті.
Кездесу жиынын ашқан өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы, Төлеби ауданы табиғатымен таң қалдыратын, қысы да, жазы да қолайлы туризм саласын дамытуға мүмкіндік беретін, өзіндік даму жолы бар аймақ екенін айтты. Осы орайда, жергілікті атқарушы биліктің басты мақсаты – азаматтарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып табылатынына баса мән берді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2024 жылы 21 елді мекенде құны 1,2 млрд. теңге болатын 16 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 13 елді мекенде 18 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 8 елді мекенде электр желілерінің құрылысы толық аяқталды. Қостөбе елді мекенінде мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Көксәйек елді мекенінде саз мектебінің қосымша ғимарат құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді», — деді Нұралхан Оралбайұлы.
Сондай-ақ Көксәйекте спорт кешені салынып жатса, Киелітас елді мекенінде мәдениет үйінің құрылысы басталған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылы 59 млн. теңгеге 6 жоба қаржыландырылған, биыл осы бағдарлама шеңберінде 482 млн. теңгеге 72 жобаны қаржыландыру жоспарланған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 15 маманға 5,9 млн. теңге көлемінде бір реттік көмек жәрдемақы тағайындалса, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 36,9 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілген. Осы және өзге де негізгі көрсеткіштер баяндалған кездесуде, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін қамту, ірі қара мал санын арттыру, аналық мал басын көбейту, өндірілген ет көлемін ұлғайту, жылқы басын арттыру бойынша бекітілген жоспарлардың орындалмай қалғаны айтылды. Су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарын – Бірінші Мамыр ауылдық округі, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту межесін – Қасқасу ауылдық округі тиісті деңгейде орындамағанына назар аударылды.
Аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, салалық бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі, берілген тапсырмалардың орындалуы, өзекті мәселелерді шешудегі қадамдар, алдағы жұмыс бағыттары туралы Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов баяндап өтті. Ауданда проблемалық мәселелер ретінде қарастырылып отырған нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, су басу қаупі бар аймақтардың қауіпсіздігін қамту, азаматтарға берілетін ауыз су сапасын арттыру, аудан көлеміндегі 254 демалыс аймақтарының заңды жұмыс жүргізуін қамтамасыз ету, олардан түсетін салық түсімдерін молайту, таулы аймақтарда заңсыз берілген жер учаскелерін қайтару мәселелерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы мағлұмат берілді.
Аудан басшысының есебін тыңдаған Нұралхан Оралбайұлы, ауыл әкімдері өздері сайланған аумақтарда тұрғылықты жасауы керек деген талабын білдірді. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына салық төлеуден жалтарып отырған демалыс аймақтарының егелерімен нәтижелі жұмыстар жүргізу тапсырылды. Аудан прокурорынан Біркөлік шатқалынан заңсыз берілген жер учаскесі бойынша құқықтық баға берілуін талап етілді. Ханарық елді мекенінде Балдыбірек өзені үстінен салынып жатқан көпірдің құрылысы созбалаңға түскенін айтылып, аудан әкіміне оны қысқа мерзім ішінде аяқтау тапсырылды. Электр жарығының берілуінде авариялық жағдайлар жиі орын алып жатқанына, азаматтардың бұл мәселе бойынша шағымдары көп болып отырғанына назар аударылды және аудан әкіміне «Оңтүстікжарықтранзит» мекемесімен бірлесе жағдайды шұғыл реттеу жүктелді. Қылмыс санының өсуі алаңдатарлық жағдай деп бағаланып, аудандық полиция бөлімінің басшылығына туристер көп келетін аймақтың тыныштығын қамту бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Тұрғындар тарапынан жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту, инженерлік инфрақұрылым мәселелері, мектептер құрылысы, жаңа жолдар салу және қолданыстағы жолдарды кеңейту, тұрғын үй мәселесі, ауыз су сапасына қатысты сауалдар қойылды. Азаматтар көтерген мәселелер бойынша облыс әкімі, салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ұйым жетекшілері түсініктеме беріп, көтерілген сауалдардың шешім табуы бақылауға алынатыны айтылды.
Тұрғындармен кездесу жиынынан кейін, облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалымен бірлесе өткізілген қоғамдық қабылдауда аудан тұрғындары жеке мәселелерін облыс әкімінің назарына ұсынуға мүмкіндік алды. Қабылдау барысында азаматтардың түрлі салалар бойынша білдірген нақты сұраныстарына жауап берілді. Оның ішінде тұрғындардан түскен әлеуметтік, құқықтық мәселелер, олар білдірген азаматтық бастамалар, қоғамға пайдалы ұсыныстар партияның өңірлік филиалының бақылауында болады.