Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл Қазақстанда – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Еңбек адамының абырой-беделін көтеруді, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сынды құндылықтарды дәріптеуді, адал еңбегімен өсіп-өнген жандарға қадір-құрмет көрсетуді мақсат тұтқан бұл бастама, «Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сүйенген Әділетті қоғам құруды мәністейді.
«AMANAT» партиясының негізгі құрамын еңбек адамдары құрайды деп нық сеніммен айта аламыз. Партиямыздың жүрегі саналатын көптеген бастауыш партия ұйымдары кәсіпорындарда, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдарда, қарапайым еңбек ұжымдарында құрылған. Партиямыздың Түркістан облыстық филиалы 84 мыңға жуық азаматты ортақ мақсат аясына ұйыстырып отыр. Өңірдегі партияластарымыз 242 бастауыш ұйымдарға бірігіп, қоғамның ең белсенді буынына айналған.
Қарапайым еңбегімен елдің ырысы мен несібесін тасытып отырған партиялас азаматымыздың бірі – Жетісай ауданы, «Мақталы» бастауыш партия ұйымының белді мүшесі Совет Тастанұлы Мұсаев. Ырысты жер – Мырзашөлдің тумасы жастайынын жер қадірін біліп жетіліп, дихангершіліктің қыр-сырын меңгеріп өсті. Мақталы өңірдегі Алмалы ауылында тұратын ағамыз еңбекке ерте араласып, бүгінде егін шаруашылығының майталман маманы болып отырған жайы бар.
«Асқар тау әкемнен 4 жасымда көз жазып қалдым. Тұрмыстың барлық ауыртпашылығы анамның иығына түсті. Жастайымнан анамның мейір-мехнатын көріп өстім, перзенттерін қара еңбектің күшімен жетілдірді. Шиеттей балаларын қатарынан кем қылмай өсіру үшін таң алагеуімнен тұрып, қас қарайғанға дейін колхоз жұмысында бел жазбай еңбек етті. Анамның жанкешті тірлігіне жаным ашып, бала болсам да қара жұмысқа ерте араласып, анамның иығына түскен ауыртпалықты жеңілдетуге талпындым», — дейді Совет Тастанұлы алғаш еңбекке араласқан сәтін еске алып.
Ауылда онжылдық мектепті тәмамдаған соң, Совет Мұсаев Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келеді. Елге келген соң дереу қолына кетпенін алып, Мақталы кеңшарында жұмысшы болып еңбек етеді. Бертін келе, 1996 жылы «Тастан-ата» шаруа қожалығын құрып, содан бергі кезеңнен бастап дихангершілікті және мал шаруашылығын қатар алып жүреді. Аграрлық салаға бет бұрған алғашқы кәсіпкерлердің жанында жүріп, егін іс бойынша алдымен көмекші, кейін бригадир болып агробизнес жайлы тәжірибе жинады. Бүгінде дақылдың барлық түрін егуге машықтанған дихан, өнімділікті арттырудың кәсіби әдістерін меңгерген шаруа болып қалыптасты. Сондай-ақ суармалы жерлерді терең қопсыту, тамшылатып суару технологияларын қолданудың тиімділіктерін бағамдай білетін нағыз кәсіби маман болып жетілді.
Жер баптап, берекеге кенелген шаруа бүгінде қыстың қытымыр аязында далада суыққа тоңып, жаздың аптап ыстығында күнге күйіп, егін ба¬сында жүреді. Жылдың төрт мезгілінде де жерді бос жатқызбайды. Жаздыгүні қауын-қарбыз, мақта ексе, қыстың күндері қырыққабат жинайды. Одан бөлек, мал шаруашылығын да дөңгелетіп, сүт, ет өндіруді жолға қойған. Жігіт ағасы қолы қалт еткенде баптап бағатын 5-6 жылқысын көкпарға салатын қызығушылығы бар екенін де айта кеткеніміз жөн.
Егіс науқаны қызған шақта 50-60 адамға дейін, кәдуілгі күндері 20-30 шақты жұмысшы егіс алқабында жүреді. Осынау қажырлы еңбектің арқасында бастапқыда жеңіл көлік, кейін газель, трактор көліктерін сатып алған. Екі ұлы Ресейде, әкесі осы жақтан жүк көлігіне артып жіберген қауын-қарбызды күтіп алып, сондағы келісілген нүктелерге таратады. Әке жолын қуған балалары да қара жұмыстың дәмін татып жетілген. Асқаралы 60 жасқа таяған Совет Тастанұлы – бүгінде 7 ұл-қызды тәрбиелеп, өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке.
Совет Мұсаев ауданда ұйымдастырылатын кез келген шарадан шет қал¬май, қайырымдылық жасап, ерекше күтімді қажет ететін жандарға қолдау көрсетіп тұрады. Мақталы ауылдық округі аумағында тұратын тұрмысы төмен отбасыларға тұрақты түрде әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Одан бөлек, қоғамдық жұмысқа белсенді түрде атсалысады. Үлгілі отбасылардың қатарындағы Мұсаевтар отбасы елге сыйлы, ауылға абыройлы әулет болып отыр. Совет ағаның өзі де жүрген жерінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, ауылдағы бірлі-жарым тентекті тезге салатын абыз жан. Аудандағы ауқымды істері еленіп, бірнеше мәрте Алғыс хат иегері де атанды. Еңбекпен жетілген, әлі де барға қанағат етіп, егіс алқабынан бір сәтке де шықпайтын осындай нағыз адал еңбектің адамы қандай құрметке болса да лайық деп білеміз.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі