Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыруға арналаған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» апталығы бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен орайлас келді. Атаулы күнге арналған экологиялық акцияға аманаттықтар «Бірлік ағашы» деген атау беріп, туған жерге деген қамқорлықтан туған бастаманы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі белесіне арнады.
Партияның бастамасымен Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылындағы «Жеңіс» саябағында өткізілген акцияға бастауыш партия ұйымдарының белсенділерімен қоса, «Жастар рухы» жастар қанатының көшбасшылары, аудандық мәслихат депутаттары, этнос өкілдері санатындағы азаматтар, жанашыр тұрғындар қатысты. Ауыл тұрғындары сейіл құрып, демалатын аумақтың жанға жайлы болуын қамтуда аяқжолдар шаң-тозаңнан тазартылды. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың аяулы есімдері жазылған естелік қабырға жуып-шайылды. Айта кету керек, санаулы күндерден соң мұнда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағзым іс-шарасы өтетін болады.
Партия өкілдері апта сайын әр бейсенбіде елді мекендерде, көпшілік жүретін күре жолдардың бойында, демалыс аймақтарында қоғамды ізгілікке шақыратын бастаманы тұрақты негізде жалғастырып келеді. Жұртшылықтың экологиялық санасын көтеруге қызмет ететін игі шараға қоғамда өзіндік орны бар танымал азаматтар, спорт шеберлері, ардагерлер мен жастар көптеп тартылуда. Тазалық жұмыстарын жүргізудегі басты мақсатымыз – жастарды, елдің жанашыр азаматтарын тазалыққа шақыру, табиғат ластануының алдын алу, қоршаған ортаны қорғау, айналаны таза ұстауға үндеу болып табылады.
Осы жұмыстарды ұйымдастырудың басы-қасында жүрген «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Ахметов мұндай шаралар экологияны жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді деген сенімде. Аудандық партия филиалы «Таза бейсенбі» апталығын алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғастыра беретін болады.