«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының келісімімен, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің бұйрығымен «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы болып Ерлан Батырбекұлы Ахметов тағайындалды. Аудандық партия филиалының жаңа жетекшісін Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың қатысуымен өткен аудан активінің мәжілісінде партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева таныстырды.
Ерлан Ахметов 1987 жылғы 20 сәуірде Абай ауылында дүниеге келген, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, Қазтұтыну Одағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы Сарыағаш аудандық мәслихатының операторы болып бастаған. 2015-2016 жылдары – «ҚазақМыс» сақтандыру компаниясы» АҚ Шымкент қалалық басқармасының бас маманы, Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2021-2023 жылдары «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалы жанынындағы жастар қанатына жетекшілік етіп, партиялық қызмет бойынша тәжірибе жинады. Ерлан Батырбекұлы кәсіпкерлік саласында да жемісті еңбек етіп, «Ризашылық», «THE-SENTR» жекеменшік ұйымдардың қызметін жүргізген.
Аудан активіне партияның жаңа өкілін таныстырған Қалыйма Жантөреқызы, Ерлан Ахметовтың еңбек тәжірибесі мен азаматтық бастамашылдығына кеңінен тоқтала отырып, партия айқындаған басымдықтарды іске асыруда жас буын кадрларға үлкен үміт артылғанын жеткізді. «Ерлан Батырбекұлы Келес ауданының төл перзенті, сіздердің қолдауларыңызбен өсіп, жетілген азамат. Аймақтың ерекшелігін, саяси әлеуетін, өзекті деген мәселелерін жақсы білетін маман. Партияның жастар қанаты бойынша белгілеген міндеттерін орындауға үлесін қосып, жақсы баға алған жас белсенді деп білеміз. Біздің таңдауымыз түскен азамат аманаттық өкілдердің сенімін толық ақтайды деген сенімдеміз және алға қойған мақсаттарды іске асыруда аудан әкімдігімен, аудандық мәслихатпен тығыз ықпалдастықта қызмет атқарады деп білеміз», — деді Қалыйма Жантөреқызы.
Жаңадан тағайындалған партия филиалы атқарушы хатшысының жұмысына аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шәулиев сәттіліктер тілеп, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси және экономикалық реформаларды Келес ауданында табысты іске асыруда партия мен жергілікті атқарушы және өкілді мемлекеттік органдар бірлесе нәтижелі жұмыстар жүргізетініне сенім білдірді.