Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Әйелдер қанатының кезекті жұмыс жиыны болып өтті. Партия филиалының әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігімен өткен жиында, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында қаралған мәселелер тізбектеліп, Мемлекет басшысының елдің болашағына қатысты айтқан ойларын нақтылы іске асырудың жолдары қарастырылды. Сондай-ақ өңірлік партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері облысымыз үшін өзекті болып табылатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және ерте жүктіліктің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Жиынның мазмұнына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы Мемлекет басшысының қатысуымен жыл сайын өтетін Ұлттық құрылтай қоғамдағы ең өткір мәселелер қарастырылатын маңызды қоғамдық-саяси институтқа айналғанын атап өтті. Қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы сындарлы диалог алаңы болып қалыптасқан Ұлттық құрылтайда әлеумет арасында қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар түгел қамтылғанын айтты.
«Ұлттық құрылтайда ортақ талқыға түскен тақырыптар жайлы пікір білдірген Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Қошанов «Президент айтқан мәселелер – тек мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық жоспарлар ғана емес, әр азаматтың, әр отбасының өміріне тікелей әсер ететін нақты шаралар» деп бағалады. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы салық реформасы, деструктивті діни ағымдармен күрес, шекаралық аймақтарды дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы басымдық, мекемелік наградаларды тағайындауды ретке келтіру, ономастика саласындағы жүйесіздікті жою, көшпенділер өркениетін жаңғырту, туризмді бизнес пен экономикамен ұштастыру мәселелері бойынша байыпты ойларымен бөлісті. «Қазақстан балалары» атты бағдарлама қабылданатынын айтып, «Адал азамат» пен ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне ерекше тоқталып өтті. «Адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық» екенін атап көрсетіп, азаматтардың ар-ожданы мен бостандығын қорғауға баса мән берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталып, әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына алаңдаушылығын білдірді», — деп атап өтті Қалыйма Жантөреева.
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Темірбекова Президенттің Ұлттық Құрылтайда айтқан сөздерінің ұлттың болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының қазақтың болмысына жат идеология, жүгенісіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайтынын, алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткендігі жайында айтқан сөздеріне тоқталды. Жанар Аманделдіқызы сонымен бірге, ұлт қасіреті болып отырған лудомания дертінің де дендеп бара жатқанын тілге тиек етті.
Жиынға қатысушылар қоғамның тұрақтылығы мен дамуы адам құқықтарының қорғалуы, әділеттілік пен теңдік қағидаттарының сақталуымен тығыз байланысты екеніне назар аударды. Елімізде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүйелі реформалар жүргізіліп жатқаны айтылды. Шын мәнінде 2024 жыл – еліміз үшін әйел құқықтарын қорғау бағытында маңызды өзгерістер әкелген тарихи жыл болғаны жария етілді. Осы орайда, Біріккен Ұлттар ұйымы бекіткен Даму Бағдарламасының Гендерлік әлеуметтік нормалар индексіне сәйкес, еліміз 18 позицияға көтеріліп, әйелдердің білім, саясат және экономикалық қатысудағы гендеплік алшақтықты азайтуда әлемдік аренада өз орнын нықтай түскені жөнінде ақпар берілді.
Әйелдердің саяси өмірге белсенді араласуы – елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесі деп байыпталады. 2021 жылдан бастап енгізілген тікелей әкім сайлауы әйелдердің жергілікті деңгейде сайлану мүмкіндігін арттырған. Сонымен қатар меритократия қағидаты негізінде университеттерді басқаруға әйел-ректорлардың келуі – батыл қадамдардың бірі ретінде бағаланады. Бүгінде еліміз бойынша университет ректорларының 25 пайызын әйелдер құрайтыны айтылып, Түркістан облысындағы іргелі жоғары оқу орнын партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшесі басқаратыны мысал ретінде келтірілді.
Президент реформаларының тағы бір басым бағыты – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау туралы бастамалары екендігіне баса мән берілді. «Мемлекет басшысы қызметіне кіріскеннен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне байланысты жүйелі шаралар қабылдап келеді. 2021 жылдан бастап 2024 жылдар аралығында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай жиындарында әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың өткірлігі айтылды. Осыған байланысты, Президенттің тапсырмасымен Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі бөлімшелердің штатын қалпына келтіру міндеттелді. Сондай-ақ жыныстық қылмыстарды тергеу үшін әйел-тергеушілер институты құрылды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаңдатылды, отбасылық агрессорлармен жүйелі әлеуметтік, оңалту және тәрбиелік жұмыстар жүргізу, отбасылық қолдау орталықтарын құру, тәрбие, білім беру және мәдениет салаларын кешенді қамтитын заңдар қабылданды. 2024 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы «Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздіг мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойылды. Бұл өзгерістерді әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы нақты қадам деп білеміз», — деп атап өтті Қалыйма Жантөреева.
Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жанар Темірбекованың, «Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының директоры, Түркістан облыстық отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Малика Жүсіпованың хабарламалары тыңдалды. Малика Әбдірашқызы «Көмек» дағдарыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар барысында айта келіп, бүгінде жасөспірімдердің туыстарымен болатын зорлық-зомбылығының көбейіп бара жатқанынан алаңдаушылығын білдірді.
Әйелдер қанатының алаңында талқыға түскен тақырыптардың шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қорғау, оларға қолдау көрсетіп, қамқорлыққа алу, балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету, оларды өмірге қауіп төндіру жағдайларынан сақтау, жеткіншектерді буллингтен қорғау, балаларға тәрбие беру ісін бақылауда ұстау, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, қыз балаларды ерте жүктіліктен сақтау мәселелері қаралып, отбасыларды тұрмыстағы таршылықтан, қоғамдағы қатігездіктен қорғау міндеттерді екшелді.