Вторник, 13 мая, 2025
19.1 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ІЗГІ БАСТАМАСЫ САУРАН АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Cауран ауданы Түркістан облысының жаңа тарихымен негізі қаланған аймақ болып табылады. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2021 жылғы 15 наурызда Сауран ауданы құрылып, оның құрамына 12 ауылдық округке біріккен 34 елді мекен енді. Жаңадан ашылған әкімшілік аумақтың даму бағдарын белгілеуде, оның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруде, азаматтарының барлығы дерлік ауыл тұрғындары болып табылатын аймақта қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, халықтың негізгі күнкөріс көзі болып белгіленген ауыл шаруашылығын өркендету бағыттарында облыстық және аудандық билік құрылымдары тарапынан ауқымы кең жұмыстар жүргізілуде. Осы санаттағы басымдықтар «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізіліп, олардың орындалуы аманаттық депутаттардың, партияның өңірлік филиалы жанындағы қоғамдық құрылымдардың айрықша бақылауына алынған.

Ауданға қарасты елді мекендер Түркістан қаласының айналасына шоғырланған. Осы елді мекендер облыс орталығының азық-түлік белдеуі қызметін атқарады деген сенім бар. Күнделікті тұрмыс-тіршілігі жаңарған облыс орталығымен тығыз байланысты болатын әлеуметтің сұраныстарын білуде, оларды алдағы жұмыстарымыздың бағдары етіп белгілеуде көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдау жиындарын бүгін Сауран ауданының Бабайқорған және Шорнақ елді мекендерінде өткіздік. Облыстық деңгейдегі басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың, заңгерлік қауымдастықтардың, өкілді билік тармақтарының және партия басшылығының қатысуымен өткен кездесулерде тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды, шешім табуы тиіс мәселелер тізбектеліп, өзекті деген мәселелер бойынша билік пен халық арасында сындарлы байланыс орнатылды.

Көшпелі қоғамдық қабылдаудың түпкі мәнін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев түсіндіріп берді. Партияның бастамасымен жүзеге асып жатқан мұндай кездесулер 2022 жылдан бері өтіп отырғанын, осы кезең ішінде азаматтар көтерген көптеген мәселелер орындалғанын айтты. Бүгінгі жиынға шешім қабылдауға құзыреті бар уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, заңның орындалуын қадағалаушы орган – прокуратураның өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, төтенше жағдайлар департаментінің, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсіби заңгерлер, медиаторлар тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіп, көтеріп жатқан мәселелерінің заңды реттеу тетіктерін түсінідіріп беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ азаматтардың сауалдарын тыңдауға еңбек саласының мамандары, әлеуметтік сала органдарының өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, экология, табиғатты қорғау, энергетика, цифрландыру, туризм, кәсіпкерлік және тағы да басқа уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері келгенін жеткізді. Азаматтар өздерінің базыналарын Түркістан облыстық мәслихатына Сауран ауданынан сайланған депутаттар Жанар Темірбековаға, Баймахан Сүлейменовке, аудандық мәслихат депутаттарына, аудан әкімдігінің басшылық құрамына жеткізуге мүмкіндігі бар екенін түсіндіріп өтті.

Бабайқорған ауылының жаңа спорт кешенінде өткен қабылдауға 150-ге жуық тұрғын келіп, халық қызметшілеріне көкейде жүрген сауалдарын қойды. Азаматтардың ағын су мәселелері бойынша сұраныстарын «Тұран су» мекемесінің өкілдері тыңдаса, газ жүйелеріне қосылудың техникалық талаптары, тұтынушыларға берілетін газдың тарифі туралы «QazaqGaz-Aimaq» өндірістік ұйымының өкілдері жауап берді. Қабылдау барысында Майдантал елді мекенінің тұрғыны жеке тұрғын үй салынған жерін заңдастыру мәселесі бойынша көмек сұрады, Бабайқорған ауылының тұрғыны ауылға инвестор тартып, емхана құрылысын жүргізу бойынша ұсынысын білдірді. Шоқпарлы ауылынан келген тұрғын егістік алқаптарына ағын су жетпейтініне шағымын айтты. Аталған мәселелер аудан әкімдігі мен тиісті салалық басқармалардың бақылауына алынды.

Облыстық мәслихат депутаттарының қабылдауына келген тұрғындар Абай ауылы мен Кентау қаласы аралығында қоғамдық көлік қатынасын жолға қоюды, ауылдағы тозығы жеткен электр желілері мен бағаналарды жаңартуға ықпал етуді, ішкі жолдардың жөнделуі мен ойын алаңшаларын салу бойынша өтініштерін білдірді. Бұл мәселелерді іске асыру мүмкіндіктерін депутаттар салалық мемлекеттік органдармен бірлесе қарастыратын болады.

Аудан орталығы – Шорнақ ауылында жалғасын тапқан қоғамдық қабылдау ауылдық мәдениет үйінде өтіп, партия ашып берген мүмкіндікті пайдаланған тұрғындар, түрлі салалар бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге байланысты өткір сауалдарын қойып, орнықты ұсыныстарын білдірді. Азаматтар білдірген сұраныстардың қатарында ауыз су, электр қуаты, газбен қамту, жол салу, көшелерге жарықшамдар орнату мәселелері айтылды. Ауыл шаруашылығы саласында мал өсіруге жеңілдетілген несиелер беру, өз кәсібін бастаймын деген ауыл азаматтарының бастамаларына қолдау көрсету, жайылымдық жерлердің көлемін арттыру, ағын су мәселесіндегі түйткілдерді шешу, ағын судың тарифін реттеуге жәрдем көрсету талаптары тыңдалды. Сондай-ақ тұрғындар әлеуметтік сала бойынша жеке мәселелерін білдіріп, атаулы әлеуметтік көмек алу, мүгедектікке шығу, созылмалы дерті бар азаматтарға кәсіби медициналық көмек көрсету өтініштерін білдірді.

Прокуратура органдары мен құқық қорғау жүйесі өкілдерінің көмегіне жүгінген тұрғындар өздерінің заңды мүдделері мен азаматтық құқықтарының сақталуы мен қорғалуы бойынша құқықтық консультациялар алды. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қарасты «Халыққа қызмет көрсету орталығы» жұмысында мемлекеттік қызметтерді көрсету стандарттарының сақталуы бойынша ұсыныстар білдіріліп, Құмтиін елді мекенінде жаңа мектеп салу қажет деген өтініш айтылды.

Барлық көтерілген мәселелер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жауаптар беріліп, қабылданған жоба-жоспарлар туралы маңызды ақпараттар жария етілді. Көшпелі қоғамдық қабылдауға көңілі толған тұрғындар, халықтың талап-тілегін орындауға, өзекті деген мәселелерді шешуге үлес қосып жатқан партиямызға алғыстарын білдірді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар