«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков пен саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Бекзат Біләлов өңірдегі Сайлауалды бағдарламаның Жол картасы аясында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, бақылау жүргізді.
Келес ауданының Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық жаңа білім ордасына мониторинг жүргізуге партиялық бақылау жөніндегі инспектор Асқар Еркінбеков, партияның Келес аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Ахметов, аудандық мәслихаттағы партиялық бақылау комиссиясының мұшелері қатысып, онда қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен етене танысты. Аралау барысында комиссия мүшелері білім ошағының құрылыс жұмыстары толығымен партиялық бақылауда тұратынын айтып, жұмысты сапалы атқаруын тапсырды. Бүгінгі таңда мұнда табиғи газ тартылған, дегенмен электр жүйесі арқылы жылытылатындықтан электр бағаналарын тездетіп орнатуға көмек керек. Айтылған ұсыныстар бойынша партиялық бақылау комиссиясының мүшелері тиісті мекемелер арқылы шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Сонымен бірге, партияластар дәл осындай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан Жетісай қаласындағы №12 орамдағы 1500 орындық білім ордасының құрылысын да аралап көрді. Инспектор Асқар Еркінбеков және аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, Жетісай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев мектеп құрылысындағы кейбір олқы тұстарға ескерту жасап, пайдалануға берілгенге дейін назарда болатынын атап өтті.
Партияның облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков пен саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Бекзат Біләлов Кентау қалалық филиалдың төрағасы Арман Басаровпен бірге Сайлауалды бағдарламаның жол картасы аясында қайта құрылымдау жұмыстары бақылауға алынған Кентау қаласындағы № 5 ЖЭО-ның қазіргі атқарылған жұмыстарын көрді. Одан соң, «Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Нұрлы жер мемлекеттік бағдарламасы» аясында Кентау қаласында Модернизация бойынша күрделі жөндеуден өткен және жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен, қазіргі ахуалымен танысты. Мердігерлердің өтініш-ұсыныстарын тыңдады.
Партиялық бақылау комиссиясы сонымен бірге, Сауран ауданындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан Аша елді мекеніндегі салынып жатқан 600 орындық жаңа білім ордасына, Сұлтанбек Қожанов ауылдық округіндегі 300 орындықты жаңа мектептің құрылыс жұмыстарына және Ораңғай ауылындағы 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Мониторинг жұмыстарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков, Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Бекзат Билаловпен бірге аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Сауран аудандық мәслихат депутаты Сұлтанбай Боханов қатысып, жол картасы аясындағы нысандар құрылысына жіті көңіл бөлді, кем-кетіктер ескертілді.
Айта кетейік, партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген құрылыстардың барлығына партиялық бақылау бекеттері қойылған.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі