«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында бүгін «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының облыстық кезеңіндегі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Атқарып жатқан белсенді қызметімен жеңімпаз деп танылған ұйымдардың жетекшілерін партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев марапаттап, ізгі тілегін білдірді.
«Партияның беделі болып айқындалған бастауыш партия ұйымдары – біздің басты тірегіміз. Өйткені, қарапайым азаматтармен тікелей байланыс арнасын түзіп, сындарлы қарым-қатынас орнатып жатқан тетік – осы бастауыш ұйымдар арқылы іске асуда. Бастауыш ұйымдардың көмегімен әрбір азаматтың талап-тілегін біліп отырмыз, өзекті мәселелерді айқындап, оларды жұмыс бағдарымыз етіп айқындап келеміз. Жергілікті маңызға ие сауалдарды тізбектеп, партияның әлеуетін олардың шешім табуына жұмылдырып отырмыз. Партияның Түркістан облыстық филиалы 84 мыңға жуық азаматты біріктіреді. 17 аудан, қалалық партия филиалына қарасты 242 бастауыш ұйымдары бар. Барлық құрылымдар белсенді қызметімен және қоғамдастықты ортақ мақсат аясына біріктіру әлеуетімен орнықты қызметін атқарып келеді деп білеміз», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны белгілі. Еңбек адамының абырой-беделін арттыруға, қоғамға қажетті мамандық иелерінің көпшілікке танылуына жағдай жасауда, «AMANAT» партиясы «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауын өткізуді қолға алды. Байқаудың бірінші кезеңі барлық аудан, қалада өткізіліп, іріктеуден үздік шыққан ұйымдар облыстық деңгейдегі байқауда бақ сынады. Әр аймақтан екі бастауыш ұйымнан қатысқан облыстық кезеңдегі конкурсқа барлығы 34 бастауыш партия ұйымы қатысты.
Партияның облыстық филиалы жанынан құрылған арнайы комиссия партиялық қызметтің абыройын асыратын, беделін бекемейтін ұйымдарды іріктеп, олардың жұмысына сарапшылық бағасын берді. Бүгінгі марапаттау рәсімінде байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталып, конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Комиссияның ұйғарымымен, мүшелерінің саны 100 адамнан 500 адамға дейінгі бастауыш ұйымдардың санатында байқаудың ІІІ-орын иегері болып Түлкібас аудандық партия филиалына қарасты «Састөбе» бастауыш партия ұйымы танылды (жетекшісі – Айжан Тұңғышбаева). Осы санат бойынша конкурстың ІІ-орын иегері болып Қазығұрт аудандық партия филиалына қарасты «Қызылқия» бастауыш партия ұйымы марапатталды (жетекшісі – Айкүл Ақынғазиева). Аталған санатта байқау жеңімпазы болып Сарыағаш аудандық партия филиалына қарасты «Жартытөбе» бастауыш партия ұйымы танылды (төрағасы – Әуелбек Сейдыакбар).
Мүшелерінің саны 500 адамды және одан да көп азаматтарды біріктірген ұйымдар санатында байқаудың ІІІ-орын иегері болып Отырар аудандық партия филиалына қарасты «Ұлағат» бастауыш партия ұйымы марапатталды (жетекшісі – Мейрамкүл Тұрлыбек). Аталған санатта байқаудың жүлделі ІІ-орын иегері болып Сайрам аудандық партия филиалына қарасты «Ақсукент» бастауыш партия ұйымы танылды (жетекшісі – Берік Құдайбергенов). Осы санатта байқау жеңімпазы болып Түркістан қалалық партия филиалының «Түркістан» бастауыш партия ұйымы марапатталды (төрағасы – Мәди Аманжол).
Байқау шарты бойынша Түркістан облысы көлемінде үздік деп танылған «Жартытөбе» және «Түркістан» бастауыш партия ұйымдарынің іс-тәжірибесі республикалық байқауға жолданады.