Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалындағы кезекті қоғамдық қабылдау Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің қатысуымен өтті. Басқарма басшысының азаматтармен кездесу жиынына партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысты.
Қабылдауға жазылған тұрғындар өздерінің денсаулық жағдайына байланысты өтініштерін білдіріп, сала жетекшісінен қажетті кеңестер алды, азаматтар көтерген барлық сұраныстардың нақтылы шешу мүмкіндіктері қарастырылды.
Басқарма басшысының қабылдауына жазылған Сауран ауданы, Құмтиін елді мекенінің тұрғыны Жақсыкүл Истамкулова жолдасының есту қабілеті төмендеп, денсаулығы сыр бергенін мәлімдеді. Жолдасын мүгедектікке шығаруда дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын алуға көмек беруін сұрады. Басқарма басшысы бұл мәселені бақылауда ұстайтынын айтып, медицина саласының мамандарымен организм функциясының бұзылуы мен тіршілік-тынысының шектелу дәрежесiн қарап, бағаланатынын, тиісті қорытынды құжат берілетінін түсіндірді. Осы мазмұндағы сұранысымен Түркістан қаласының тұрғыны Жансая Оралбаева да хабарласып, жасөспірім інісінің көру қабілеті төмендегін айтты, науқасты мүгедектікке шығаруда дәрігерлер алқасының қорытынды құжаты керек екенін мәлімдеді. Бұл мәселені де басқарма басшысы жеке бақылауына алып, жасөспірімнің денсаулық жағдайы жіті зерттелетін болды.
Айта кету керек, аталған азаматтар бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы өткізген қоғамдық қабылдауда осы мәселелер бойынша жүгінген болатын. Тұрғындарға уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қажетті мемлекеттік қызметтер ұсынылатын болды.
Қабылдауға келген Түркістан қаласының тұрғыны Захира Серікбаева есту жүйесінің бұзылуына байланысты хабарласып отырғанын жеткізді. Науқасты дәрігерлік бақылаудан өткізу, керек ем-дом шараларын атқару міндеттері Түркістан қаласы емханасының бас дәрігеріне тапсырылды. Денсаулығы сыр берген тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін партияның облыстық филиалы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы шешеді. Денсаулық жағдайы бойынша сұранысын жеткізген Түркістан қаласының тағы бір тұрғыны Алима Иманбердиеваның мәселесі бойынша да түркістандық дәрігерлер кәсіби медициналық көмек көрсетіп, медициналық консультациялар беретін болды, хирургиялық ота жасаудың қажеттілігі толықтай зерттеледі.
Басқарма басшысының қабылдауына келген партиямыздың белсенді мүшесі Жанар Досжанова жұмыс орнында өндірістік жарақат алған жолдасының денсаулық жағдайын дәрігерлік бақылаудан өткізу мәселесімен жүгінді. Науқастың ішкі құрылысы ауыр дәрежеде зақымданып, хирургиялық ота жасалған. Азаматтың денсаулық жағдайын Түркістан қаласы емханасының бас дәрігері бақылауда ұстайды деп шешілді, қажет болған жағдайда хирург, травматолог мамандардың көмегі көрсетіледі.
Қабылдауға келген бір топ тұрғын целиакия диагнозы бар азаматтарға глютен қоспалары жоқ азық-түлік өнімдерін бюджет есебінен тегін беру мәселесін көтерді. Оның ішінде Түркістан қаласының тұрғыны Наима Абдуваитова диеталық тағамдар алу мәселесі отбасы үшін өзекті екенін айта отырып, көмек беруді сұрады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, медициналық ұйымдар арқылы глютенсіз тағамдарды тегін беру 18 жасқа дейінгі азаматтарға ғана қатысты екені айтылды. Аталған диагнозы бар тұрғындар глютенсіз тағамдар алуға ай сайын 120-150 мың теңге көлемінде шығын жұмсауға мәжбүр екені назарға алынды.
Бұл мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасының өтінішіне сәйкес, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері жіті зерттейтін болады және аталған санаттағы науқастарға қажетті тағам түрлерін алуға бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастырады. Осы мәселе бойынша Сайрам ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны Мафтуна Убайдуллаева да арнайы келіп, аурудың осы түрімен өмір сүруге мәжбүр 9 жасар ұлына глютенсіз тағамдар алуға жәрдем сұрады. Азаматтардың сұраныстарын мұұият тыңдаған басқарма басшысы, Түркістан қаласы мен Сайрам ауданы емханаларының бас дәрігерлеріне науқастарға глютенсіз тағамдар алып беру мәселесін спонсорлық көмектер есебінен шешіп беруді тапсырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы целиакия диагнозы бар азаматтардың тізімін жасап, оларға бюджет есебінен диеталық тағамдар алып беру мәселесі бойынша нақтылы жұмыстар жүргізеді.
Қоғамдық қабылдау барысында онлайн форматта сауалдарын қойған тұрғындар Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округіндегі аурухананы күрделі жөндеуден өткізу, ауылдардағы денсаулық сақтау ұйымдарына УЗИ аппаратын қою мәселесі бойынша сауалдарын қойды. Басқарма тарапынан ауылдық аурухананы жөндеуден өткізіп, жаңарту міндеті бойынша толықтай зерттеу жүргізіледі деп шешілді. Ал, ауылдардағы медициналық ұйымдардың техникалық базасын нығайту міндеті кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқаны айтылып, УЗИ аппараттарды беру мәселесінде денсаулық сақтау нысандарының кадрлық мүмкіндіктері де ескерілетіні айтылды. Медициналық мақсаттағы техникамен жұмыс жүргізе білетін мамандардың болуы маңызды екеніне назар аударылды. Азаматтарға нақтылы көмек көрсетуде, аудандық деңгейдегі медицина ұйымдарындағы аппараттарды ауылдық елді мекендерге алып барып жылжымалы медициналық қабылдаулар жүргізу мәселесі ұйымдастырылатыны туралы ақпарат берілді.
Онлайн форматта трансляцияланған қоғамдық қабылдауға тұрғындар ризашылығын білдірген көптеген жазбалар қалдырды. Эфир барысында сауалдар жолдаған азаматтарға облыстағы медицина саласының даму бағыттары баяндалып, басымдықтары жөнінде мағлұмат берілді.