«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында бес жылдық кезең ішінде өңіріміз үшін өзекті болып табылатын апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу көзделгені белгілі. Облыс әкімдігімен, салалық басқармалармен және жергілікті әкімдіктермен бірлесе түзілген кешенді жоспарға сай, құрылысы қолға алынған мектептердің дайындығы партия өкілдерінің тұрақты бақылауына алынған.
Қабылданған жоба-жоспарлар аясында Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 29 мектептің құрылысы басталды. Оның 13-і – 2024 жылы пайдалануға берілсе, қалған 16-ның құрылысы биылғы жылы аяқталмақ. Ұлттық жоба шеңберінде тұрғызылып жатқан заманауи білім ұяларының бірі – Шаян ауылындағы 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы.
Озық үлгіде, жоғары технологиялық талаптар бойынша салынып жатқан білім нысанының дайындығын, құрылыс жұмыстарында өндірістік кестенің сақталуын «AMANAT» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақбала Құлымбетова мен аудандық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының өкілдері зерделеді. Құрылысқа жауапты мердігер ұйымның өкілдерімен бірлесе құрылыс жұмыстарының барысы талқыланып, техникалардың дайындығы, құрылысқа тартылған жұмысшылардың жеткілікті болуы, қажетті материалдармен уақтылы қамтылуы мәселелері қаралды. Сондай-ақ нысанға инженерлік инфрақұрылымның тартылуы, құрылыс-монтаж жұмыстарының құрылыс жүргізудің нормалары мен ережелеріне сәйкес атқарылуы таразыланды.
Әлеуметтік маңызы айрықша бұл нысанның құрылысы партияның тұрақты бақылауында болады. Алдағы уақытта аманаттықтар нысанның техникалық дайындығын сала мамандарымен бірлесе толыққанды зерделейтін болады.